Абайдан басқа адамның ақылын алмас пендемін...
Сумен емес жырменен жуылған соң жөргегім,
Абайдан басқа адамның ақылын алмас пендемін.
Болмасам да тек соған келе берер ұқсағым,
Болмасам да тек солай келе берер сөйлегім.
Ағыл-тегіл ақыл да бар сияқты басымда,
«Талап, еңбек, терең ой» тамырымда тасуда.
Бабам құсап екі әйел алмасам да некелі,
Балдәуреннің қызығын талай бастым тақымға.
Өлең жазсам, өлеңім кем түспейді өзгеден,
Өзіме біткен дарынмен өзгеге неге төр берем.
Елдің де жазып жатқаны бабамның айтып кеткені,
Абайша айтсақ, бәрі оның тең келеді нөлменен.
Алламыз сүйген ақынмен қаймықпай қай жан таласар,
Таласқан жанның ақылы ауысқан жанмен пара-пар.
Қазақтың тілі қиылып, ауыздан ағып түскенше,
Қазақтың жыры өлмейтін Шыңғыста жатқан қара шал!
Ұқсағым келер сол шалға, «ұқса» деп кеткен тағы өзі,
Дәрмені мықты көп шығар дәл мендей сансыз дәмелі.
Махамбетті Абайдан асырып жүрген пенделер,
Абайдың жырын бойына сіңіріп алсын әуелі.