Жұт
Қатал қыстан өтсек те тістеленіп,
Жұғын көрмей оны да “жұт” демедік.
Топан судың толқынын үй құлатқан,
Түк қылмадық, жатқандай түсте көріп.
Бәкішегі бәкідей құрақ орған,
Аптап ыстық, аңызақ мына жаздан.
Тайсалатын емес-ау, тағы халқым,
Тағдыр сынын құдайдың сұрап алған.
Нострадамус, Ванга әжей айтқан аңыз,-
Ақырзаман күнге де шақ қаламыз.
Бүгін, ертең жер беті жоқ болса да,
Бақайынан келмейтін боп барамыз.
Апыр-ау, біз не деген көнбіс едік,
Түк көрмейміз, қалғандай көз бітеліп.
Қырық жыл қырғын болса “қың” демейтін,
Кәне, көрші қазақтай елді сөгіп!
Десек те дертімізді түзу ұстап,
Кергіген кеудемізді жұдырықтап.
Бұрын-соңды болмаған тағы бір жұт,
Жанымызды жатқандай тығырыққа ап.
Ертең ол ел кетеуін кетіреді,
Желге ұшырып жердегі несібені.
Қарын баққан өмірдің қажеті не,
Көрге айналса, халықтың көкірегі.
Шөлге айналса, ой-сана, ақыл-есің,
Адамның артық қылар басы несін?!
Көп сыныңа көнерміз, а, Құдайым,
Көрсетпе, жан-дүние қасіретін!