24.07.2022
  96


Автор: Төлеген Жанғалиев

Коттедж

Тұрған соң ұл да қалмай, қыз да қалмай,
Баласыз байдың үйі-қу мазардай.
Аяғыңды басасың еппен ғана,
Еденін кетпеу үшін былғап алмай!
Ауласы аз айтқанда ат шаптырым,
Қабырғасын тастаған қаптап мығым.
Коттедж үй – қазіргі үйдің бекзатындай,
Алыстан танытады асқақтығын.
Кім дерсің “қытай-қорған” жасап алған,
Кіндігін ортасынан отап, орған.
Қолдан келсе қарағым, сен де байы,
Қос овчарка үргізіп босағаңнан.
Адам батып бара алмас баспанаңа,
Кім білсін, қалай қарар Хаһ-Тағала.
Шет қонып, шегеленіп жатсаң бірақ,
Жаныңда жақын-туыс, жат қала ма?
Бөлінгендер айналар бөрі асына,
Жартас та тұрақтамас жағасына.
Байыған бауырларды таба алмайсың,
Барған сайын Семейдің қаласына.
Бай-бауырдың сәлемі – ерінінде,
“Барса-келмес” біз үшін төрі мүлде.
“Туф” деген түкірігін мәнсап қылар,
Түк көрмеген байғұстар өмірінде.
Байығандар – байысын, не қылайын,
Сол болып па, ақынға сары уайым.
Аяз бидей тымағын ұмытпайтын,
Ағайынға тек қана жолығайын…





Пікір жазу