24.07.2022
  109


Автор: Төлеген Жанғалиев

Хатшы қыз бен тазалықшы әйел

Алғандай қанға матырып, жебедей үшкір жезтырнақ,
Көзінің астын көгертіп, кірпіктің ұшын алтындап.
Сары – ала шашын сан түзеп, опалы бетін он сипап,
Айнаға қарап хатшы – қыз сазарып отыр салқындап.
Байлаулы бұзау сияқты бастығын тосып таң атпай,
Өзінен басқа адамды жанға да қосып, жаратпай.
Сылаңдап кіріп “дөкейге” бұраңдап шығып жүргенмен,
Жұмысқа емес, ол мұнда қолқамен келген қонақтай.
Айлығы бірақ алатын сәл ғана төмен бастықтан,
Темекі шегіп шетелдік, шампанды көкке атқытқан.
Қолына шаң да жұқпайтын хор “қызы” мұнда жүргенде,
Бұралып жатыр анасы ауылда нағыз аштықтан.
Біреуі соның мына әйел бүкеңдеп жуған еденді,
Үйде де түзде білмейді демалу, тыншу дегенді.
Баланы тауып барынша, өлгенше оны асырау,
Қазаққа біткен әйелдің қарызы сынды ежелгі.
Зейнеткер деген аты бар, ақшасы алған нандықтай,
Қалайша еңбек етпесін қарт әйел енді қан құспай.
Хатшы қыз бенен бастықтың табанын жалап жатқанмен,
Жып – жылтыр ағаш мүлікке тұра ма қайтсе шаң жұқпай.
Сол үшін естіп сорлы әйел соққыдай ауыр сөздерді,
Тарыдай қуыс таба алмай, тарылтып мынау кең жерді.
Бұрыштан қашып бұрышқа, бүкеңдеп, бұғып жүргенмен,
Хатшы қыз қозғап қоймайды дағдыға сіңген “гөй-гөйді”.
Ақылмен емес, ақшамен алалап бірдей пендені,
Төбе би болған заманда қалталы көк ми төрдегі.
“Күң” деген сөздің күні өткен десек те бүгін мақтанып,
“Күнді” де еске түсірер қайсы бір жанның еңбегі…





Пікір жазу