24.07.2022
  100


Автор: Төлеген Жанғалиев

Шопан

Шалқадан түсіп, шалжиып, ұлындай болып құдайдың,
Өзіне жайлы болған соң жатысын қара, мына айдың.
Көктемді іздеп көк кезіп, қиқулап ұшқан құстардан,
Жапанда жатқан жалғыз үй – қойшының жәйін сұраймын.
Ыздиып бедеу әйелдей ызғырық соғып күн, түні,
Сары қи мен сары судан сарқылып, құрып титығы.
Ашуын алып көк иттен арсалаңдап шыққан алдынан,
Айқаспай жүр-ау шопанның аршадай түзу кірпігі.
Жатырқап ыстық құшақтан, жат болып жардың төсегі,
Туатын қойды күзеткен қорада қойшы мекені.
Жастықты құшып жабырқап дөңбекшіп жатқан әйелдің,
Жабылмай қалған көрпеден балтыры жарқ – жұрқ етеді.
Тірлігі құрысн шопанның тірнектеп жиған байлығын,
Табан ет, маңдай терінен табалмас кейде шайлығын.
“Даңқымыз - сенсің” дегенмен даңғой ғып баққан малдарын,
Ешкім де елеп жатқан жоқ ертеңгі оның тағдырын!
Баладай аңғал алдасаң, далайдай дархан көңілі,
Малшыға жаным ашиды маң төбет қана серігі.
Бұрын да қарық болғаны шамалы еді байғұстың,
Нарықтай нарға мінуге жетпей-ақ жатыр сенімі.
Қой торы мініп қопаңдап, күнұзақ кезіп даланы,
Өз үйінің өзі боп бір түндік ғана қонағы.
Басына тартса көрпесін аяғы ашық қалатын,
Бар заманда да шопанның азаймай тұр-ау азабы.
Баяғы күннің байларын көрсеттік кісі қанағыш,
Бүгінгі күннің басшысы кеткен жоқ одан көп алыс.
Қылқынтып мені оятар кей түні тәтті түсімнен,
Қи исі мүңкіп тұратын құрыштай қолдар тарамыс…





Пікір жазу