24.07.2022
  91


Автор: Төлеген Жанғалиев

Соқыр

Екі көзі көр сынды су қараңғы,
Ақ таяқсыз аттамас бір қадамды.
Кмпірқосақ секілді белі имиген,
Кездестірдім көшеде мұңды адамды.
Жетім қозы – таяғы түрткіленген,
Жебеу іздеп жүргендей күшті жерден.
Мұның бәрі біздерге ойыншықтай,
Көрген соң дүниені мықты көзбен.
Қаңбақтай қалт – құлт етіп жел айдаған,
Айналасын болады абайлаған.
Қағып кетіп жатады асыққан жұрт,
Қалмаған соң жығылып қарай ма оған…
Сорақы, содыр мінез сойқан іспен,
Бір кезде шалқып басып, шайқап ішкен.
“Өлмехан” деп өңірге аты шыққан,
Ата жаудай алысып алты арыспен.
Кісі өлтірген адамдай өңі суық,
Өзі – ірі болғанмен сөзі – шірік.
Қамшысынан қан тамған қатал еді,
Кеткендей көп қарғыстан көзі шығып.
Жала жауып, жаптырып түрмеге ерді,
Жазықсыз бұқа құсап сүзген елді.
Соқтықпалы соқыр жан тұр мінекей,
Кімді танып, біле алмай кімге ерерді.
Жатпасын деп бейнетсіз таза көрге,
Қаламапты мұны әлі қара жер де.
Жанашыры тек қана жансыз таяқ,
Сүйеуі жоқ, тіреу жоқ онан өзге.
Алмаса да халқынан баға, сыйды,
Адамбыз ғой, аяймыз жан ашиды,
Қалай бірақ ұмытсақ, қайран ерді,
Қаңырап босқа қалған қараша үйді…





Пікір жазу