Тәңір құты
Аяздың қайтып суығы,
Ақпанның соңы жылыды.
Ит тартып кеткен сияқты,
Иықсыз таудың тұлыбы.
Күпсін қар күннен жылыстап,
Қараған түбін мұр ықтап.
Қара жел соққан оңынан,
Қар суын ойға қуып сап.
Өзен, көл мұзы ойылып,
Етегі жатыр созылып.
Шырайға кірді – Шыңғыстау,
Құдайға тәубә, бойы – құт.
Жемісті жері сілкінбес,
Өрісті Елі күрсінбес.
Жайлауға шықты жайланып,
Қойнауға симай сылқым көш.
Көшімді көзді сатпай көр,
Бақайдың ұшын баспай кел.
Мың қолдап сонда қарсы алар,
Қызғалдақ толы шоқтай жер.
Таң шығы шықса жылтылдап,
Шалғыны сайдың сусылдап.
Бозторғай көкте шырылдар,
Бозала таңға “тұр - тұрлап”.
Тұрғанда шырқап торғай ән,
Таңменен бірге сен де оян.
Даланың дауысы тұрғанда,
Дара боп асар қандай ән!
Құлынның үнін қос бұған,
Желіні үзіп атқыған.
Қозы, лақ әні тым бөлек,
Қорғана қашқан аттыдан.
Қызынып бойың қымызға,
Айналар жеңіл құйынға.
Қарғып бір мініп тұлпарға,
Қаңғығың келер қиырға.
Өзіне тартып тылсым күш,
Ойдан да шығар күй, тұрмыс.
Тәубәңа сені келтірер,
Тәңірдің құты – бұл Шыңғыс!