24.07.2022
  84


Автор: Төлеген Жанғалиев

Құдай маған бір сәтке құқын берсе...

Құдай маған бір сәтке құқын берсе,
“Құдаймын” деп құр кеуіп ісінгенше.
Бар ақынды пайғамбар жасар едім
Адамдар тақтан қуып түсіргенше.
Оларда жоқ, өйткені, хандық ұғым,
Барлығы тыңдай білер зардың үнін.
Барлығы оқып туған анасынан,
Шәкәрім баба аңсаған “Ар білімін”.
Ар бар жерде арамдық аттан түсіп,
Мәнсап та мансұқ болар мақтан құсып.
Күндестіктің күні өтер күңіреніп,
Қызғаныш та жоқ болар “жортқан мысық”.
Періште емес ақын да, пенде шығар,
Кей кезде кергіп қалар кеудесі бар.
Кеудені кемшілікке санамаймын,
Кеудесізді мына жұрт көрге тығар!
Бүкіл ел бүгін үрей құшағында,
Болған соң жемқорлардың тұсауында.
Жемқорлар ешбір заңға бағынбайды,
Керек қылмас Құранның кітабын да!
Олар да бір ұйытқыған жел тәрізді,
Қас қағымда қағатын қалтаңызды.
Уыстап желді ұстау мүмкін емес,
Қайтадан тазартпаса қан тамырды.
Жер бетін жебір құрттай арам басса,
Сылып алып тастайтын ақ алмасша.
Ақындардың тек қана тілі керек,
Орып түсер өткір жоқ одан басқа!
… Құдай маған бір сәтке құқын берсе,
“Құдаймын” деп құр кеуіп ісінгенше.
Бар ақынды пайғамбар жасар едім,
Адамдар тақтан қуып түсіргенше.





Пікір жазу