24.07.2022
  120


Автор: Төлеген Жанғалиев

Қайран менің, қайраулы қызыл тілім …

Дауыл іздеп тұратын ақ құйынды,
Дала көңіл жүрегім сап тиылды.
Жырларым да жылбысқы мінез тапқан,
Жынын алған бақсыдай тап бүгінгі!
Қан шығарып беттердің ұятынан,
Уыт сыққан улы адам ызасынан.
Қайран менің қайраулы қызыл тілім,
Қындағы қылыш құсап жуасыған.
Оқтаулы сөз айтылмай көмейдегі,
Оқтау жұтқан ойымды көгендеді.
Әй, тәйір-ай, жаздым не, жазбадым не,
Өр мінезім өлген соң өлеңдегі.





Пікір жазу