24.07.2022
270
“Алпыс тойын жаса” дейді балалар..
“Алпыс тойын жаса” дейді балалар,
Жасармын-ау, жағдай да бар, шама бар.
Кісіліктің кілті аспанда тұрғанда,
Кісі бар ма, сол тойыма келе алар…
Қаңтар айы, қар да қалың, жол да ауыр,
Бензин қымбат, белді сылтау ол да бір.
Тесік қалта текті жанын жасытып,
Тете өскен тентек інім зорға жүр.
Ту ұстасар туысым да шамалы,
Ажалға да ерте бергем ағаны.
Көп досымның көңілі көл болғанмен,
Жемге - жемде жетер ме екен аяғы…
Мұқаң құсап халқыңа мұң шағатың,
Шаққан мұңы тауып тұрған жарасым.
“Тойға кел” деп толғау өлең жазбаймын,
Толып жатыр мен сияқты сан ақын.
Байшыкештің бармағынан бал жалап,
Сақал-мұртын жүргендер көп саудалап.
Тілегіңе имандылық үйіріп,
Жүрегіме кел, ағайын, бол қонақ!