24.07.2022
  101


Автор: Төлеген Жанғалиев

Тұрмаған соң тұла бой шашып айбат...

Тұрмаған соң тұла бой шашып айбат,
Артқы күнді аңсаймыз “апырайлап”.
“Кәрлік” деген жазылмас мәңгі жара,
Ешбір емін таппаған ақыл ойлап!
Қай ғасырда, қай жылда, қай заманда,
Бұл дерттен бұғып қалған пенде бар ма?
Қайтпас сапар жолына түсіп алып,
Қайғырасың осыны ойлағанда.
Білмеймін, дұрыс кімде, қате кімде,
“Алпыстан аспа” деген Шәкәрім де.
“Кәрілікті жамандап, өлім тілеп”
Абай атам айтқандай, шатағым не!





Пікір жазу