24.07.2022
  123


Автор: Төлеген Жанғалиев

Тәуба



“Тәубә, тәубә” деуші еді апам, жарықтық,
Жатпаса да сол тәубәсі қарық қып.
Алла ісіне шүкіршілік ету де,
Адалдықтың айнасы екен, жаңа ұқтық.
“Тәубә, құдай, бергеніңе шүкір” деп,
“Әуп” десе әкпіш белі күтірлеп.
Отыратын барға байып сол ана,
Ошағынан от көрінсе түтіндеп.
Ал бүгін бе, бүгінгі жас басқаша,
Тістеніп ап бір тірлігі жақпаса.
Алдыменен ауызға алар Алланы,
Алдыменен соны боқтар, боқтаса.
Тәубәсінен тәуекелі басымдау,
Жасты бәлкім, жазғыру да тосындау.
Қарыны ашса борататын қарғысын,
Қарттарымыз не боп кетті, япырмау?!
Ауыз ашса, ашу атқып тісінен,
Арбасқалы тұратұғын кісімен.
Кәлимәлі бір адамды таппайсың,
Кәзір мынау кәрілердің ішінен.
Шүкір, бүгін әркім де бар ішіп, жем,
Бір отау жоқ түңілігін түсірген.
Тарылған да заман кетті келмеске,
Таң атқанша тары шықпай түсіңнен.
Сонда кімде сорлылықтың сортаңы,
Кімге қазір кімдер кінә артады?
Жалғыз басын жарыта алмай жүргендер,
Жарық күннің сәулесінен қорқады.
Басына кеп орнағандай бар қайғы,
“Бақытсызбын” деп байғұстар зарлайды.
Тәубәмізді айтпасақ та, Алламыз,
Тәубәмізге бір түсірмей қоймайды.







Пікір жазу