24.07.2022
  290


Автор: Төлеген Жанғалиев

Құнанбай

“Арыстан да Құнанбай, алысқан да Құнанбай”,
Осы сөздер бабамнан кетпей қойды тұмардай.
Екі ғасыр өтсе де барша қазақ жабылып,
Ұлы Абайда данышпан отыр бірақ туа алмай.
“Айдатқан да Құнанбай, байлатқан да Құнанбай”,
Осы сөздер бабамды шағады әлі жыландай.
Қара табан жалшының ұрпақтары есірді,
Қажы атамның қолына жүрген су да құя алмай.
“Дарға асқан да Құнанбай, қара басқан Құнанбай”,
Өткен істі осылай өршітеміз ұялмай.
Шынжыр балақ, шұбар төс Құнанбайын қазақтың,
Шырылдайды Уақыт Шыңғыстаудан шығармай.
Е, шықпаса шықпасын, шындық бәрібір бір шығар,
Жоғалмайды тұлғалар, жомарт жүрек ұлты бар.
Аман болса ел – Анам, аман тұрса – Шыңғыстау,
Ұлы атасын іздейтін ұлы Абайдай ұл туар.
Бұл Шыңғыстау – “Бұланай” болмаса да біп – биік,
Бар қазақтың бағына тұра берер құт құйып.
Әлі – ақ менің еліме әулиелер туатын,
Әлем көзі қадалар, әр бұрыштан шұқшиып.
…Осындайда бір ойды, бір ой келіп жалғайды,
Тараң көңіл пенделер тартқанменен шаужайды.
Атадан жарып уызға арғымақ мінген “көсемдер”,
Құдайым құлай сүйген құл–Құнанбай бәрібір болмайды!





Пікір жазу