24.07.2022
  101


Автор: Төлеген Жанғалиев

Әлем әбден таныған алыптығын...

Әлем әбден таныған алыптығын,
Ау, алдияр, Абайым, жарықтығым..
“Қазақпын” деп өзіңдей мақтанғанмен,
Қазаққа ұқсағандай қай ұсқыным?
Рас – ау, дінім, ділім, тілім қазақ,
Қазақтығын танытар мұрын, қабақ.
Сізге де келетіндей кейбір жерім,
Айнаға тұра қалсам қырын қарап.
Ал, түзу айна бетін көре алмаймын,
Қарасам, қыңыр, қисық адамдаймын.
Жүз алпыс жыл бұрынғы Сіз түгілі,
Жүз жасаған Шәкір де бола алмаймын!
Менікі құр әншейін мезгіл желі,
Сөйлеуге жаратылған сөз білгелі.
“Қазақпын” деп айтуға ұяламын,
Қазаққа ұқсамаған кей күндері.
“Кіммін сонда, кімдердің ұрпағымын”,
Десем басып баламның бір тамырын.
Түрі қазақ болса да тілі орыс,
“Шатасың” деп шатады қиқар ұлым…





Пікір жазу