24.07.2022
  135


Автор: Төлеген Жанғалиев

Адамға болар бағдаршам...

Адамға болар бағдаршам,
А, құдай өзің бар болсаң.
Жарқ етіп неге түспейді,
Жан алғыш өткір айбалтаң.
Басынып Сізді барамыз,
Бассыздан кетті бағаңыз.
Бошалап жүрміз жат дінге,
Болса да бөлек моламыз.
Алласы шығып ақылдан,
Иконға қарап шоқынған.
Қазаққа жаным ашиды,
Тозаққа өзін шақырған.
Ібіліс аңдып ізімді,
Іргемнің жібі үзілді.
Құранға қарап іздеймін,
Тұманға батқан дінімді.
Жатқанмен оқып жамырай,
Қараймыз оған тағыдай.
Балтаңды бізге бір үйір,
Бар болсаң өзің, а, құдай!…
Сөйлейтұғын жын – шайтанның тілінде,
Құдайсыздар құрттай өрді бүгінде.
Қазіргінің қазақтары әзір жүр,
Монастрдың мантиясын киюге.
Мекке қайда, мешіт қайда демеңіз,
Қазақ едік, орыс болып өлеміз.
Бізге қарап, басын шайқап қояды,
Мүйізімен жер көтерген көк өгіз!
Көк өгіздің көксегені бұл ма еді?!
Қара жердің қара қазық діңгегі.
Мұсылманды мұратынан адасқан,
Мүйізіне алғалы тұр ілгелі.
Алса, алсын, адасқаным аз емес,
Кешкенім де кешпегім де бәрі елес.
Сақта құдай, сандырақтап кеттім бе,
Сана, ойы сасқан адам не демес!





Пікір жазу