24.07.2022
  97


Автор: Төлеген Жанғалиев

Конфуциді оқымады демеңдер...

Конфуциді оқымады демеңдер,
Одан асқан Абайым бар кемеңгер.
Үнді-Қытай мұхитынан мың артық,
Үнсіз аққан Шыңғыстауда өзендер.
Сократты білмедің деп сөкпеңдер,
Абай менен арасы оның көк пен жер.
Ұлылықтың ұғар едің мәнісін,
Ұлы ақынды жастай жаттап өссеңдер.
Ойшылдардың ойын айтып бұтарлап,
Көп білгенсіп көкігенмен мысалдап.
Абайының бір өлеңін білмеген,
Алаш ұлы алға қалай түсе алмақ?!
Деймін іштей, демім бітіп, деймін-ау,
Басыма кеп орнағандай бар бұғау.
Егеменді ел атанып болсақ та,
Ендігіміз қай өкіну, қай жылау?!
Ұлылықты танып, білмей – бұл қазақ,
Ұлы ақынға жетер қазір жұлмалап.
Абайша айтсақ, мұңсыз жүрген мұндайға,
“Заман емес замандасы виноват”!





Пікір жазу