Отыз екі тісімнен он бес қалып...
Отыз екі тісімнен он бес қалып,
Орнына темір тісті қайрап салып.
Тағы да бір тас шайнап көрейінші,
Арша сорған арқардай айбаттанып.
Дүние шыр айналған бір көбелек,
Ақынға тие бермес күнде кезек.
Құлып бұзар құрыштай тілім бар да,
Құр тістеніп жүргенім кімге керек?!
Көп болса, тарпаң жандар тағы ұнатпас,
Кәріне қайта мінер кәрі қақпас.
Шерміш қарып шенеулік шекесі ісіп,
Шайқап алар мүйізін шаңырақ бас…
Өкпедегі өрт шоғы қайта қозар,
Өксік сөзге қай пенде қол соға алар.
Қалдырмай жүректе сыр бір сөйлесейін,
Қайран сөзім ұғылмай қалса, қалар…
Түнектің де түбінен жарық көрем,
Табанымның астында “тамұқ” деген.
Ұятты да көтердім елмен бірге,
Жұмақты да көрермін халықпенен.
Менің айтып жүргенім халық сөзі,
Солар маған танытқан әліппені.
Халық деген тірліктің айнасы ғой,
Айнасыз өмір таза болып па еді?…
Халықтан ажыратар ажал, мала.
Бір қорықсам қорқармын содан ғана.
Ақын-ғұмыр мәңгілік айналыста,
Ал, жердегі тірлігі аялдама!