24.07.2022
  77


Автор: Төлеген Жанғалиев

ЕЛІМЕ

Кісілігі кісінеген адамның,
Кілті аспан кіндігінде деп едім.
Қолында жоқ, тобырда көп қоғамның,
Қазір сондай хал, жағдайын көремін.
Ындынына ылай біткен көңілдің,
Шұңғылына шұңқыр қазып жүр надан.
Бара-бара баяны жоқ өмірдің,
Батпағына батып өлер бұл заман.
Сонда мына сорлы ақынды кім аяр,
Сойыл жеген, қамшы жеген халық деп.
Арамдықпен жаңдайы жоқ жүре алар,
Аяқ, қолсыз қалсадағы кәріп боп.
Тіпті өлімге айдаса да шынжырлап,
Шындығына өзі өлер асылып.
Тек оларға халық қымбат, жыр қымбат,
Туын ұстар туған елім, осыны ұқ.
Мен өзіңнен дәметпеймін жоқ баға,
Барымды да бағалауды ұнатпан.
Өтінерім, өліп қалсам тек қана,
Өлеңімді іздеңдерші жұмақтан.





Пікір жазу