24.07.2022
120
Көбелек-көңіл
Көбелек-көңіл, көбірек гүл аңсаған,
Қайбір сәтте қайран қап тұрам саған.
Қайда әлгі кіршіксіз әппақтығың,
Қайда әлгі күнәдан құлан-тазаң?!
Қызыл-жасыл гүл көрсең қызығасың,
Қулығыңды жасырып, құбыласың.
Қанатыңмен қаусырып қалмақсың-ау,
Қапылыста кездессе «шырын-асың».
Самал сүйген саумалды омырауын,
Шын, қазір, шырын гүлге толы бауым.
Көрінгенге көлбеңдеп қона берме,
Қағайын адалдықтың қоңырауын.
Судан таза, сүттен ақ жаратылған,
Қауыздары гүлдердің жаңа ашылған,
Тіксініп, күдіктеніп, дір етеді,
Қанағат жоқ тойымсыз қарасыңнан.
Гүл бар ма, көбелектен үрікпейтін,
Жетер енді, желікпе, тиіспейсің!
Табандарға тапталып қалмау керек,
Именгіш, иісті гүл иіскейтін!