meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  24.07.2022
  319


Автор: Төлеген Жанғалиев

ПОЛИГОН ЖӘНЕ ҚАРАУЫЛ

Ада болған ұсқыннан,
Ажарындай жігіттің,
Қара желі ысқырған,
Қарауылда туыппын.
Мен келгенше бұл жерің,
Мекен бопты жұмақтай,
Қызыл, сары гүлдері,
Қырға шыққан ұяттай!
Өр мінезді өзені,
Өрекпіпті қыс, жазы.
Құрымапты желегі,
Құжынапты құстары.
Ат бойындай ақ шеңгел,
Ақгүл атып тұрыпты.
Қарағай тал, өскен жер,
Қарақатқа тұныпты.
Долана мен бүлдірген,
Домалапты доптай боп,
Аңдарың да бір жүрген:
Адамдардан қашпай көп.
Сорға туған жанмын ба,
Көре алмадым соларды.
Көркі оның аз жылда,
Көрген түстей жоғалды.
Мен атоммен құрдаспын,
Мекендеген жерімді.
Ащы үнін тыңдаппын
Ашқан күннен көзімді.
Жатқан сәттен жөргекте,
Жағалапты ол мені.
Анам бесік тербетсе,
Анамды ол тербеді.
Атом болып құбыжық:
Айтылмапты ел мұңы,
Қи артына тығылып,
Қиналыппыз кей күні.
Келгем кезде үш жасқа,
Кең даладан кетіппіз,
Атом алып қыспаққа,
Аякөзге көшіппіз.
Ит, мысыққа ие боп,
Қарауылым қалыпты,
“Дүңкілдектер” дүре боп,
Тақыр далам талыпты!
Бұлақ көзі көміліп,
Құрақ жүндей күйіпті.
Тау еңсесі езіліп,
Тал тамыры шіріпті.
Құса – дертке шалдыққан
Құсни мен Қорландай.
Сүйікті жер шаң жұтқан,
Сүйтіп бопты сормаңдай!
Азған өлкем обал-ай,
Тозған бетін тосады.
Атом салған жарадай,
Атылған көл апаны.
Қайсы бірін айтайын,
Қарауылым, қарт-бабам!
Атомдардың айқайын,
Жоймай тірлік жоқ саған…





Пікір жазу