24.07.2022
  130


Автор: Төлеген Жанғалиев

САҢЫРАУ ҚҰР

Қайда кеткен сергектік пен бұл сезік,
Аңқаулықтан құстар азап жүр шегіп.
Алаңың жоқ, аңырайып отырсың,
Аңғал құрым, ажал саған тұр төніп.
Басып анық аңшы андаған сызықты,
Бармақтай боп басың міне ілікті.
Өлдің енді, өзінді өзің оятшы,
Өз-өзіңнен аңғал құсым үрікші.
«Саңырау» деп саған қойған атқа да,
Сенем енді, сенбесіме жоқ шара.
Қарамайсың, қасындағы серігің,
Қас-қағымда оққа ұшып жатса да.
Көкті шарлап ұшуға да оқталмай,
Жайбарақат жайыласың от қанбай,
Таудың шөбі таңдайыңды үйіріп,
Көпе – көрнеу көрге итеріп жатқандай.
«Біттің енді, осыменен бітті ісің»,
Дегенімше денеңді тез жұтты шың,
Аңырайып аңшы қалды орнында,
Ажалсызсың, алаңдамай ұш, құсым!
Оқ жетпейтін аспаныңда қанат қақ,
Аңғал құсым, жазығы жоқ, жаны аппақ.
Өлу үшін емес енді шыңдарға,
Көру үшін отыра бер қонақтап!





Пікір жазу