24.07.2022
  164


Автор: Төлеген Жанғалиев

КӨЗІМНІҢ АҒЫ МЕНЕН ҚАРАСЫНДАЙ ….

Көзімнің ағы менен қарасындай,
Мін бар ма, далам саған тағатындай.
Өң-түсіңнен барасың ада болып,
Өгей ұлдың шеттеткен анасындай.
Әркімнің ойға оралтып бала кезін,
Ілияс жырға қосқан далам едің.
Құм, топырақ астынан сығалайды,
Қыз – бұлақ мөлтілдеп қара көзін…
Тасы шығып, таз болған тақыр жазық,
Көк қынасыз көрінер қотырланып.
Жазды күнгі шілденің көркі қайда,
Армандатқан Абайдай ақын жазып.
Сағындырған сар жайлау қайда кеткен,
Самалың да еспейді майда леппен.
Кім сені осыншама ойсыратқан,
Кім сені осыншама ойран еткен!
Дейміз-ау, қайғырғандай, қамыққандай,
Жүрген соң бос сөздерге борыштанбай.
Халыққа табиғатты тану қайда,
Әуелі өзін-өзі танып болмай!





Пікір жазу