24.07.2022
  87


Автор: Төлеген Жанғалиев

Пара-пар әр күнінің бірі жылға...

Пара-пар әр күнінің бірі жылға,
Қызыл шұнақ аяз тұр қырымызда.
Жарықтық жылқы малы сезімтал ғой,
Жақтырмай, жатсынады құлынын да!
«Көк мұздан көде шықпас тебендей боп,
Неге тудың бейшара» дегендей боп,
Анда-саңда бір теуіп омбы қарды,
Көктем емес, көк бие сезер бейнет,
Кеше ғана босанған жас ана да,
Үн-түпсіз сүйеніп тұр босағаға,
Ақсыз туған жас сәби шырылдайды…
Ашыққан соң жыламай жата алма!
Жас сорпаның иісі кеп танауыңа,
Ана - аш қарамайды «қарағына»,
«Ұл туды» деп әке жүр саспай салып,
«Шүйіншінің» тиынын арағына.
Қаңбақ құсап қалтырып, қалтаң қағып,
Қартаң адам жүр үйге арқандалып.
Дүрлігіп дүкен жаққа телміреді,
Дүние үшін өлетін тарпан халық.
Күдік пенен үміті ит жығысқан,
Мен де шошып отырмын сұсты қыстан,
Ақ қағаздың бетіне шимайлаймын,
Ашуымды талайдан ішті қысқан…





Пікір жазу