24.07.2022
  78


Автор: Төлеген Жанғалиев

Асықпа

Айна да жау, көз де жау бүгін саған,
Қашқақтайсың қасыңа бұрылса адам.
Мен апаңды алғанда бала едің сен,
Екі иыққа асылған бұрым тарам.
Лағындай еліктің үркек едің,
Ұшып, қонып тұратын құйын табан.
Ұшқалақ мінезің де тәп-тәтті еді-ау,
Ұшқындап жататұғын мінің содан,
Қарғам-ау, шын қартайып қалғансың ба?
Сырт айналып кетесің, сырың сараң.
Жастық шақ та жаздың бір өлген гүлі,
Өлген гүлді қалайша тірілте алам!
Отырып қалған қызды кім аяйды?
Ол-дағы аяушылық сұрамайды.
Көк етікті жігіттер кездеспейді,
Көң етікті бойдақтар ұнамайды,
Мал таппай жан бағатын жар сүйгенше,
Осылай жүргенің де сірә, жайлы.
Көздеген мақсатыңнан көз алмайсың,
Көзге атқан мерген құсап құралайды.
Өмір өтіп барады, әттең, бірақ,
Қу тірлік қуатыңды қуалайды.
Опа жаққан бетіңнің әр жерінен,
Опасыз уақыт көзі сығалайды.
Кемпір, шал бір күні өтсе кемсең қағып,
Жылжыған жылға бекер жыламайды.
Асықпа, бал-балдызым, күн де туар,
Аспанға шығаратын бірақ Айды…





Пікір жазу