24.07.2022
  151


Автор: Төлеген Жанғалиев

Өткеніңе өкінбе

Өткеніңе өкінбе, бал-балдызым,
Ұқтың ғой дүниенің жалғандығын.
Ақтарылған альбомның беттерінен,
Аңқып тұрған шығар-ау арман күнің.
Тілектегі сөздердің бәрі - өтірік,
Жүректегі сенімің – сол жалғызың.
Талдырмаш кездеріңе келе алмайсың.
Тартсаң да тіршіліктің таңнан нұрын.
Қара нөпір қайғы бұлт жұтып қояр,
Ақ сезімнің саулаған ақ жаңбырын.
Өткеніңе өкінбе, бал балдызым!
Тірлік деген немене, тіл сөйлейді,
Тіс шіркін, тістегенін ілсем дейді.
Таңдайдың таңдап берген дүниесін,
Өңеш байқұс өгіздей күйсеулейді.
Бардан- бақыт, байлықтан-бақ тапсаң да.
Соныңа сорлы жүрек шын сенбейді.
Бақ пен сорға баратын жолыңа да,
Басқа біреу бас сұғып, итермейді.
Өлшеп берген Алланың жазуына,
Өмір өзі бәрібір икемдейді.
Өткеніңе өкінбе бал балдызым,
Өкініштен қайтсең де күлкі өңбейді.
Жыларсың да, сықтарсың ол да өтпелі,
Кеуденің бір тазарар кермек кезі.
Дүниеге қарарсың ғашық көзбен,
Көзін ашқан сәбидей жөргектегі.
Жүрегіңе жүгініп дат та сұрар,
Дарақы тіршіліктің жендеттері.
Сені мәңгі іздеген адам болса,
Армандар ақырғы рет кездескелі.
Шаттықтың шатырына барып қонар,
Көңілден сусып ұшқан көз кептері.
Балдызжан, бар айтарым осы ғана,
Басқасын тілі түскір сөйлетпеді…





Пікір жазу