24.07.2022
  80


Автор: Төлеген Жанғалиев

Жасымды айтпа

Жасымды айтпа, қарағым, жасып қалам,
Жақсы ғой қартаюға асықпаған.
Онсыз да орда бұзар шақтан озып,
Омалатын алпысқа басып барам.
Алпысқа жеткен соң махаббат жоқ,
Махаббатсыз қалайша бақыт табам.
Қанша қызға мен өзім ғашық болдым,
Қанша ару болды екен асық маған.
Жасымды айтпа, қарағым, жасып қалам.
Жасымды айтпа, қарағым, жаурап қалам,
Жастық шақты мен де көп жамбастағам.
Серуен, серіліктің басы болғам,
Сере қазы серкедей қой бастаған.
Оқтау жұтқан адамдай болдық бүгін,
Осылай болатынын ойлап па, адам.
Қара тасқа қадалар қанжар болып,
Қарт қырандай аспанға самғап барам.
Жасымды айтпа, қарағым, жаурап қалам.
Жасымды айтпа, қарағым, өтінемін,
Жалғанның ілесе алар көшіне кім?
Жастықтың маған қайта келмесі анық,
Жасық көзді қарттыққа бекінемін.
Жиырма бесте жия алмай айылымды,
Отыз бестен опық жеп кетіп едім.
Қырық бестен асқан соң не қызық бар,
Тойдан тойған адамдай кекіремін.
Өзгеге жайлау болып жайылғанмен,
Өрт болып жанып жатыр көкірегім,
Жасымды айтпа, қарағым, өтінемін…





Пікір жазу