24.07.2022
  101


Автор: Төлеген Жанғалиев

«Өтірікке өрт қоямыз» деп жүріп...

«Өтірікке өрт қоямыз» деп жүріп,
Өтірікке өзі алдымен сенді жұрт.
Шындық айтқан боп қоямыз біз-дағы,
Жайлап алған жалғандыққа көз жұмып.
Бұл заманда құлақ – керең, көз – соқыр,
Қарға көңіл қар астынан боқ шоқыр.
Қалай ғана шындық шығып,шыр бітер,
Қасқыр-өңеш өңкей суайт тақта отыр.
Тақ-шындықтың тап жауындай дұшпаны,
Мықтап ұстап жібермейтін тұтқаны.
Майлы бөксе мамық таққа бөккенде,
Тылсым сырдың бәрі қалар тысқары.
Құлақ сасып құр уәде, құр сөзден,
Жұғымы жоқ қиялдарды жұрт емген.
Мына өмірдің өтірігін уыстап,
Өрекпіген көңілімді сүртем мен!





Пікір жазу