Алла атымен бастайын осы өлеңді…
Тек өлікте Алланы есіне алып,
Тексіз болып бара ма, осы халық.
Кімге өкпе айта алар, сол бейбақтар,
Жатқан кезде тозақтың оты қарып.
Алла атымен бастайын осы өлеңді,
Алла ғана көгертер көсегемді.
Асан баба аңсаған жерұйықты,
Жер бетінен таппадық, жетер енді!
Кімге сеніп, кімге ердік, кім кінәлі,
Бір сұрақты бір сұрақ тудырады.
Маркстің де келмеді сандырағы,
Лениннің де келмеді былжырағы.
Жетпіс жыл кедей үшін ұрандадық,
Жалақ ерін жалшыға жыр арнадық.
Кедей бәрібір кедей боп қала берді,
Байларды байлап ұстап тұра алмадық.
Үгіттің үгітіліп күлі қалды
Насихат ерте алмады тірі жанды.
Армен, заңмен бүгінде тия алмайсың,
Алламен алдамасаң ұры, қарды.
Коммунизм – кәдімгі біз аңсаған,
Қара қанжар қадады қыр арқадан.
Құлай сүйіп «құдай» деп өту қалды,
Келмес сапар кеткенше бұл ортадан…