24.07.2022
  77


Автор: Төлеген Жанғалиев

Елу беске Ода

Өзіңе кеп тірелген соң өмір-көш,
Мерғалиды мерт етіп ең, Елу бес.
Мен де міне, есігіңе кеп тұрмын,
Мезгіл жетсе кім тағдырдан жеңілмес.
Тарамыс қып терімді сап талқыға,
Тастай қатып келіп тұрмын, ал, сына!
Сағынатын түгім де жоқ алдымда,
Сап-сары қол тастап кеттім артыма.
Кегім кетсе, солар ертең қайтарар,
Мен айтпаған ойларды да айта алар.
Ей, Елу бес,шарасызбын демеймін,
Шамаң жетсе шаңырағымды шайқап ал!
Жүрек шіркін, жүдеп күн-түн жүр қинап,
Таңдайым да тақыр жердей тұр құрғап.
Өмір-баян, өлім-аян болса да
Бір әулетке жетер әзір бір зират.
Ұрпағы едім батыр баба Кебектің,
Ұлтанымды төбеңе тұр төр еткем.
Сертке салар семсер шағым қалды артта,
Сен де, қайран жиырма бес жас емессің.
Сонау-алпыс созсаң құлаш жетпестей,
Соған барып бір құласам етпеттей .
Жетпістен де желіп өте шығармын,
Мына өмірге тегін келіп, тек кетпей.
Ей, Елу бес, есігіңді аш, бұлданба,
Еркін елді келіп тұрмын жырлауға.
Ақын жүрек мәңгі бақи өлмейді.
Ақыретсіз тастасаң да зынданға!





Пікір жазу