24.07.2022
93
Сөз дерті
Тірлікке тілмен өткел сап,
Ақыннан қадыр кеткен шақ.
Алақан беті-берішсіз,
Ақ құйрық сынды ақсаусақ.
Заманға енді не дейміз,
Зарлаған сайын өгейміз.
Кекірік атып бай ұлы,
Кете алмай отыр кедей қыз.
Таңдайдан қашып бал дәмі,
Тамсантты бие саумалы.
Қай жерге барсаң барбиып,
Көрінер байдың бармағы.
Арқалап жастай сөз дертін,
Болса да ептеп ем кемшін.
Елімді сүйген жан едім,
Елімнің Ері – сендерсің!
Абайла! – дейді біреулер,
Бақ ойла,-дейді тілеулі ел.
Қойторы құсап мүлгітіп,
Қойға да біреу мінем дер!
Абайлап қалай жүремін,
«Абайлап» тұрса жүрегім.
Кеудемнен жаным шыққанша,
Келмейді сөзден жүдегім.
Жүдесе-өңім жүдесін,
Көп көріп өмір тізесін.
Ақын боп қалсам арман жоқ,
Артқы ұрпақ айтып жүретін...