24.07.2022
  119


Автор: Төлеген Жанғалиев

Өкпелеме

Өкпелеме сен маған, өкпелеме,
Өкпелейсің, о сәулем, текке неге?
Мен өзіңді қызғанам, ал қызғанған,
Адам әсте сүйгенін жек көре ме?
Біреу саған күлсе де қызғанамын,
Қызғанамын, қашанда қызба жаным.
Сен соған бұртиясың, бұртиюға,
Жаны жақын тұрады-ау қыз баланың.
Қызғаныштың менде бір қырсығы бар,
Ашуын алға салып шырпы қылар.
Ал сенің сабырыңның салмағы ауыр,
Күрсіністің өзін де күлкі қылар.
Өзің, сәулем, дұрыстап сал ұғымға,
Сен мені көптеу түсін, аз ұғынба.
Адам деген жары үшін өлуге бар,
Өле сүйсем өзіңді жазығым ба?





Пікір жазу