24.07.2022
  106


Автор: Төлеген Жанғалиев

Кредо

Даңқыңды да, дақпыртыңды ары апар,
Оның бәрі желді күнге пара-пар.
Өлмейтұғын өлеңіңді, кәне, оқы,
Жан сыздаса жан дауаға жаратар!
Алған сый мен атағыңды ары апар,
Ол сенікі, олжаңа кім таласар.
Қандай атақ алып еді білмеймін,
«Жидебайда» жатқан анау қара шал.
Бас ақын боп бас жүлдені алмай-ақ,
Байқаулар мен айтыстарға бармай-ақ.
Жүр емес пе, жүрегінде халқының,
Соқтықпалы жерде өскен сол қазақ.
Уызданып ұлы Абайдың жырымен,
Біз де ояндық Шәкәрімнің үнінен.
Өлеңіңді, өлеңіңді, кәне, оқы,
Түс көргізіп шығатұғын түнімен!
Керегі жоқ кергіп тұрған дәрежең,
Керегі жоқ, дәметпейміз дәнеден.
Қарауыл мен Қарасаздың арасын,
Қайда әлгі, жалғап жатқан қара өлең?
Болса, қане, бопсаламай соны оқы,
Жанарыңнан ұшқын атсын жан оты.
Шын өлеңге ара тұра алмасақ,
Ақындарға ең қауіпті жау – осы!
Сөйлемесе домбыра да қу тақтай,
Өлең шықпас өмірменен ұйқаспай.
Ақындықты атақпенен өлшесек,
Өлу керек бір-ақ күнде тіл тартпай!





Пікір жазу