24.07.2022
  109


Автор: Төлеген Жанғалиев

Адамзаттың көктемі

Бабалары-баққа қолы жете алмай,
Ағалары аға-орыстан аса алмай.
Өз байлығын өз ауызы иіскемей,
Болсын деген бодан еткен отан-бай!
Біз кешегі кеткен ұрпақ соңымыз,
Желтоқсанда жер жастанды сорымыз.
Қызыл туды көкке бояп алғалы,
Көк байрақты көтеріп тұр қолымыз.
Елтаңбамыз – Егемендік мөріндей,
Тектілікті танытады темірдей.
Әнұран да әуелейді әуеге,
Бір ауыздан шыққан халық сөзіндей.
Тіл тіріліп, дін оянып жатқанда,
Бақытына айналмайтын бас бар ма!
Тоқтары бар, Талғаты бар қазақпыз,
Тақиясын тастап келген аспанға!
Төл теңгесі төрін бермей долларға,
Көнетоз боп көшіп жүрген қол-қолға.
Оралманды оттай ыстық құшаққа ап,
Бір сиырын жетектеткен сауғанға.
Біз – сарқыны сан арманның сарғайған,
Бақыт таңы арай шашқан маңдайдан.
Үміттісі – үзеңгісін қағысып,
Үмітсізі – жармасатын шаужайдан!
Он жыл өтті омырауына сүт жинап,
Отан-Ана оңалғалы шип-ширақ.
Жарты әлемді жалт қаратты жас Елім!
Жанарынан жалынды от ұшқындап.
Қолдан-бұғау, бастан-қаңғы кеткелі,
Халқым менің қар астынан көктеді.
Енді елімнің төбесінде мәңгілік,
Арайлайды адамзаттың көктемі!





Пікір жазу