24.07.2022
  136


Автор: Төлеген Жанғалиев

Қарқуар

Қайтейін жырлай беріп тал, қайыңды,
Тас жыртты бал жалаған таңдайымды.
Аққуға үнін қосқан ақын едім,
Ал бүгін қарға тыңдар айғайымды.
Қарқуар, қайда жүрсің, ерке құсым,
Қашанғы шырқай берем мен сен үшін?
Қыр түгіл, қызыл кітап бетінде жоқ,
Сен бізге естілмеген ертегісің.
Сен барда бұлбұл құс та әнші ме еді,
Бозторғай босқа көкте қалқыр еді.
Сыңғырлап сен кеткенде, сар даланың,
Сырқырап қалушы еді сай-сүйегі.
Жартастар жаңғырығып дауысыңа,
Таңғы ауа тарар еді жанұшыра.
Сақау боп қалушы еді сап тыйылып,
Сайрағыш құстың бәрі сағы сына.
Ал қазір аспанында құс үні көп,
Тұратын қырат-қырдың қытығы кеп.
Қарқуар, қайта туып, келсеңші бір,
Тұқылы біткен өнер тұқымы боп!





Пікір жазу