24.07.2022
103
Орден
Омырауында орден, медаль самсаған,
О дүниелік болып кетті қанша адам.
Аллауакпар айтып жерде біз қалдық,
Алла бірақ қаққан жоқ-ау арқадан!
Қалай қақсын, қандай ісін мақтасын,
Қалай ашсын кірсіз жұмақ қақпасын?
Құдай жоқ деп құтырынған солар ғой,
Алла атынан алып қашып ат басын!
Жарқыратып ұлы Октябрь орденін,
Жаттап өскен ұлы Ленин сөздерін.
Партияның ардагері бүгінде,
Ұят қысып, ұялатар көзге мұң!
Шалмаған да шығар, бәлкім, арын кір,
Партияға берді бірақ бәрін бұл.
Еткен еңбек, төккен тердің өтеуін,
Салдырлатып немересі тағып жүр!
Таға берсін, керегі не құр темір,
Исіне ме оған енді ит-өмір.
Ау, замандас, әр қоғамда орден бар,
Оны аларда ойдың көзін сүрте жүр!..