24.07.2022
  93


Автор: Төлеген Жанғалиев

Зауал

Шарт буынып аспанның шартық белі,
Қарауылдың басына қар түспеді.
Алатауды айналған қалың бұлттан,
Бір шөкім ауып келсе артық па еді?
Ала жаздай жаңбыр да бір тамбады,
Аспанды тек бедеу бұлт құрсаулады.
Тамырынан жүдеді тал, ағаштар,
Бұлбұл үн бұрынғыдай шырқалмады.
Шілде айында бұзылып малдың сұрқы,
Тақыр жерді тарпыды қой мен жылқы,
Омыртқасын оқыра ұялаған,
Сілекейін шұбыртып сиыр ұрты.
Жайлау қайда, жаз қайда қыста күткен,
Жұт осы ма тұратын үш қаріптен.
Күнге қолын созады шопан байғұс,
Күрмеуге келмейтұғын қысқа жіппен.
Алла аспаннан жіберген зауал ма бұл,
Қасқыр да қорықпай-ақ қорамда жүр.
«Обал-ай» деп қоямыз құр өтірік,
Ойлайтын адам бар ма обал қазір?





Пікір жазу