24.07.2022
  103


Автор: Төлеген Жанғалиев

Көсем-жыр

Қолжазбасы аз айтқанда мың құшақ,
Бір мықты ақын шығарыпты жүз кітап.
Жүз кітаптың мың жолына үңілсең,
Көре алмайсың бір ойлы сөз дүрбі сап.
Ойхой, Мұқа, ойлы жырдың сырттаны,
Жүрек дейсіз, жүрекке не жұқпады!
Өмір бетін өрмекшідей шиырлап,
Өріп жүр ғой өлең сөздің қырттары.
Олар үшін шөңге де өлең, шөп те өлең,
Жүрек түгіл құлаққа да жетпеген.
Көңіл шіркін көншімейді оларға,
Көсем-жырды көптен бері көксеген...
Көсем жырдың көр түбінде барлығы,
Ал біздегі содан қалған қалдығы.
Ұлы Абайға жеткен әлі ешкім жоқ,
Абай болып сөйлегенмен әрбірі.
Құлақ түбі құр айғайдан сарсылды,
Құрғақ сөзбен ұрандатқан халқымды.
Өлең үшін өңеш созу шарт емес,
Өлең өзі түзеп алар даусыңды.
Жақсы өлеңге керек емес көп үгіт,
Тұрса болды тұлабойдан төгіліп.
Өзеуреген ақындардан не шара,
Өлеңдерін өзге ұқпай, өзі ұғып.
Теңіздейін терең ойдың түбіне,
Көз жетпесе, көсемдіктің құны не?
Арманым жоқ қалдыра алсам бір өлең,
Айтып жүрер артта қалған тіріге...





Пікір жазу