24.07.2022
  92


Автор: Төлеген Жанғалиев

Ауыз

Сырлап, қырнап қойған әсем табытта,
Жатыр адам қасқыр болған халыққа.
Қанды ауызы кеше ғана жабылған,
Қанды тісі қарысты енді қарысса.
Қарыспаса қойсын және қарыспай,
Ол да жансыз мына қара табыттай.
Адал астың дәмі атқан ауызды,
Ұя қылар көртышқандар қорықпай.
Бұл ауызда бұқа мойын мыжылған,
Атан жілік, айғыр төсі мұжылған.
Буша ұшып, суша сіңіп жататын,
Кеңірдектен атқылаған қызыл қан.
Толмас ауыз, тоймас қарын тоқ баспай,
Қақшып бәрін жататұғын қас қақпай.
Жегендері желкесінен шықпайтын,
Ал, жемесе қоятұғын ас батпай!
Мұның бәрін көретін көз емге жоқ,
Құлақ-керең, тіл тістеулі, сөз-кебек.
Жүрек-түкті, білек мықты бір жан жоқ,
Ал, ауызды сүртетұғын пенде көп.
Жайын ауыз жайылған дерт секілді,
Жайсаң елдің жайын солай кетірді.
Қанқұрт екеш қанқұрт түспей тістерге,
Қанды ауыздың мәртебесін өсірді.
Сырлап, қырлап қойған әсем табытта,
Жатыр адам қасқыр болған халыққа.
Қанды ауызы кеше ғана жабылған,
Қанды тісі қарысты енді қарысса.
Алла берсе адам өмір көп сүрер,
Алла жасар ажал оғын дөп тиер.
Қан қақсатқан қанды ауыздан құтылып,
Құлдық ұрды құдайына өстіп ел.
Тағам барда аран-қарға жабылар,
Алақұла ауыздар да табылар.
Ауызыңа ас аларда, ағайын,
Адал ма екен, арам ба екен-танып ал!





Пікір жазу