24.07.2022
  92


Автор: Төлеген Жанғалиев

Ертек

Ай астында-Айсұлу, Күн астында-Күнекей,
Алдап келген біздерді арман осы, мінекей.
Қол жетпестей қияли биікке қол создырып,
Қомағайлау қоғамның қорлағаны бұ несі-ей!
Ай астынан іздедік, Айсұлуды таппадық,
Күнекейді көп тосып, күнге қалдық қақталып.
Алдап бізді жіберіп Алдаркөсе-қоғамдар,
Басқан ізді аңдыды саршұнақтай баспа ғып.
«Коммунизм шыңына» кәдімгідей қол создық,
Асанқайғы сияқты «Жерұйықтай» жер шолдық.
Жетпіс жылғы тарихты желге ұшырып партия,
Халықты да тоздырды томдарындай тоз-тоз ғып.
Біз ертектің еліміз, ертеңінің бәрі ертек,
Отыз жылдық жоспарды отыр елім тағы өлшеп.
Біз сенуден қалғанбыз, сенімді ұрпақ болмаса,
Сенімі бар адамдар келешекті көрер тек.
Көңіл суайт, көз қорқақ, жүрек күпті күпірлеу,
Етек-жеңін тұйықтап, есік-төрін бүтіндеу.
Асып кетсе ағасы аяғынан тартқылап,
Тасып кетсе баласы тартпа бас сап түтіп жеу.
Міне, осындай ой мен іс улап алған санасын,
Біз сияқты халыққа қалай енді нанасың?
Жолың болсын, жас ұрпақ, жоқ іздеген адамдай,
Сағым мініп астыңа сара желіп барасың..





Пікір жазу