24.07.2022
94
Ой
Талтүс ауып, ымырт жапты қабақты,
Талғап ішер күн де туды тамақты.
Кірпік ілмей, кірпі үстінде жатқан соң,
Қарт адамға ұйқы да бір абақты.
Кеше ғана келгендей ек өмірге,
Бүгін тұрмыз елу жастың төрінде.
Қалған ғұмыр қазақ үйдің ішіндей,
Май шамы да аз-ақ қалған сөнуге.
Келдік, кеттік, не бітірдік, не қалды,
Сауап іздеп, ойладық ба, обалды.
Қайтып бармас жолымызды шөп басты,
Қай ісіңнен көргендейсің қараңды...
Жұмақты да іздемедік, әу баста,
Тасқын қайрат тамұқ отын ойлап па?
Тірлік бізді қайда апарып соқпады,
Күздің желі қуалаған қаңбақша...
Күңіренсе күлуші едік кәріге,
«Күле жетіп» көндік міне, бәріне.
Таңдаймыз таңдыр татып барады,
Торқа болар топырақтың дәмі ме?...