24.07.2022
102
Көктем іздеп келемін
Көлеңкесі көңілдің ұзарады,
Айықпайды күдіктің тұманы әлі.
Күн шуағы түспеген мына жұрттың,
Шүберектей бозарып тұр ажары.
Қызылшырай – қызыл күн беттердегі,
Көрінбей-ақ қойды ғой көптен бері.
Жүректерді барады қалтыратып,
Жүзі суық өмірдің өктем желі.
Көрінбейтін сияқты көк те гүлдеп,
Жауһазын да жатқандай кеш тебіндеп.
Омбы қарын ойлардың бұзып – жарып,
Көңілдерден келемін көктем іздеп.