24.07.2022
  106


Автор: Төлеген Жанғалиев

«Ойлы адамға қызық жоқ...»

Байлық та берме, бақ берме,
Ынсап бер, маған, құдайым.
Түкке де тоймас ашкөзге,
Түскенше топырақ шыдайын.
Махаббат берме, тілерім,
Машақат жүрген сүйретіп.
Онсыз да жесір жүрегім,
Тербетіп отыр түл бесік.
Мансап та берме, майдан бер,
Майыспай шығар шайқасқа.
Әкелер біздің барған жер,
Әкетер бәрібір дәм тартса...
Дос берме, қас бер қайрақтай,
Қайралып жүрсін қажырым.
Жақынмен, жатпен жауласпай,
Жарыққа толсын қабірім.
Садақа берме, сауап бер,
Иланып жүрер иманша.
Болашақ күнге жауапкер,
Болайын көзді жұмғанша.





Пікір жазу