24.07.2022
  65


Автор: Төлеген Жанғалиев

Күдік

Арқаға артар ауырды,
Жүрекке жүрмін түсіріп.
Әкеге тартқан сары ұлды,
Әкетті тағдыр ұшырып.
Апарып қайда соғады,
Ап-анық жол да жоқ қазір.
Сарғайған гүлдей сабағы,
Сарғайды, міне, сасқан ұл!
Саспасқа енді бола ма,
«Сап,сап,сап!» – дейтін жоқ кісі.
Өн бойым толды жараға,
Өмірдің тиіп соққысы.
Ертеңді көрер көз қайда,
Ертекке ұқсас ол бүгін.
Жармасар жоқтық шаужайға,
Жағасын жыртып сорлының!
Күдіктің шаңы бұрқырап,
Үміттің көзін басады.
Оятып ойды мың сұрақ,
Ұйқымды шайдай ашады.
Мені қой, мен бір фәнидің,
Мезгілі өткен пендесі.
Бесікте жатқан сәбидің,
Бейнетін көзім көрмеші!





Пікір жазу