24.07.2022
  144


Автор: Төлеген Жанғалиев

Арман

Былықты бәрі быт-шыт боп,
Бықсиды көңдей дүние.
Ақ арман кетті «ішкіш» боп,
Ашынған оған кім ие?
Сен оны көктен іздеме,
Сендірем деме, сергітем.
Ол отыр қазір түрмеде,
Аузында – қақпан, қол – кісен.
«Жерұйық күнге» жетем деп,
Желпінген қайран сабазым.
«Түрмеден шықпай өтем» деп,
Түн басып отыр қабағын.
Ол тосты тоқтық заманды,
Көздерден көріп ақ үміт.
Алдыға бастап адамды,
Арғымақ құсап жазылып.
Жылаған көзді құрғатты,
Құлаған жанды тұрғызды.
Ол жүрген жерден мұң қашты,
Ол жүрген жерде күн күлді.
Алдады «алда бақ бар» деп,
«Таң бар» деп атар тамаша.
Ататын таңы атқан жоқ,
Бағы да келген жоқ аса.
Болмайды-ау өмір біз күткен,
Болмашы үміт жоғалған,
Түңіліп мынау тірліктен,
Түрмеде отыр ақ арман!





Пікір жазу