24.07.2022
114
Көзімнің оңды бояуы
Көзімнің оңды бояуы,
Көк те емес, қара, боз да емес.
Қызықтың бәрі баяғы
Қызықсыз бүгін болды елес.
Құр елес, қуыс құр қиял,
Құрудың соңғы белгісі.
Амалдың бәрі зым-зия,
Адамның келер өлгісі.
Қызықсыз тірлік қызусыз,
Қызықпас адам – жануар.
Қызықсыз өткен бүгінсіз,
Ертеңнің қандай мәні бар?!
Ертеңі құрсын, ертектей,
Ертекке бала иланбас.
Саңырау құрдай селт етпей,
Сасыйды мынау милау бас.
Тазартар оны таза ауа,
Табанда, рас, табылмас.
Ашыса жаның ағаңа,
Ашық жүр күндей, қарындас!
Қара жер құсап бұлт емген,
Қалайын мен де бір жасап.
Өледі бізге сүйкенген,
Өмірді ұстап тұрмасақ...