24.07.2022
92
Айырбас
Қызыл жалау, қызыл билет, қызылсөз,
Бұғалық боп бұқтыратын бұрын тез.
Қызыл қаннан қорқатұғын адамдай,
Қызыл көрсе «дір» етеді бүгін көз.
Айырбастап партбилетті аллаға,
Құлдық ұрып құдайшыл да болды аға.
Хатшыға емес, қазір халық қарайды,
Моншағына мойынсұнған молдаға.
Атейіспіз деуді қазір жасырдық,
Дым сезбей-ақ, дін сөзіне бас ұрдық.
Менсінбеген жетпіс жылғы оқуды,
Мектеп емес мешіт сал деп жатыр жұрт.
Бәрі дұрыс, бәрі бүгін құптарлық.
Дұрыс іске жасамайық іштарлық.
Бата алдында «алып қойды» айта алмай,
Бокал емес құран-кітап ұстандық.
Қайран өмір, түлкі қуған тазы боп,
Айырбасқа тартасың-ау тағы көп.
«Боқтыңқабы» болған мынау адамның:
Боқтан басқа болуға да халы жоқ!