Шыңғыстауда теңіз жоқ тепсінетін...
Шыңғыстауда теңіз жоқ тепсінетін,
Көл де жоқ қаз, үйректер көз сүзетін.
Алатаудың ақ қарын аңсап жүрген,
Қара сирақ қара ұл да көш түзесін.
Көш түзеймін, ал сонда, қайда көшем,
Ат байлай да алмаймын ойға бекем.
Шаһардың жағдайы да аян болды,
Шалып, шағып алары аз ба десем.
Астанаға ат басын бұрсам ба екен,
Жер-ұйықты қалайша қусам, жетем.
Шелтиіп жандарына жолатпайды-ау,
Шеттерінен дөкей мен сұлтан, көсем.
«Кеңсайынан» жер таппай жерленетін,
«Өз жеріңе барып өл» сен демесін.
Шыңғыстау-ау, айтсаңшы, шындығыңды,
Сен де жетім, бүгін де мен де жетім.
Сен не көрсең, мен-дағы қоса көрем,
Ер көгерер ел берген батаменен.
Қос қара шал тұрғанда қайда барам,
Қолтығының астында жата берем...
Көші құрсын көш басын доғарайын,
Айығайын, ой-дерттен оңалайын.
Бабам құсап қалмасам жарап жатыр,
Бақсының басындағы моладайын...