24.07.2022
  82


Автор: Төлеген Жанғалиев

Қысым келсе

Кім қысылмас кездейсоқ келсе қысым,
Сиыр итке емізер емшек ұшын.
Жолбарыссып жолыңды кесіп өтер,
Тарғыл мысық жастанған қой терісін.
Арыстанның аңысын аю аңдып,
Қояннан қорқып жортар бөрі қаңғып.
Қарсақтың шаңқылынан қашып кетер,
Тау, тасты мекендеген тағы барлық.
Бүркітті бүрістірер қара, торғай,
Жылан өлер, кірпімен арбаса алмай.
Тазыға тамақ түгіл, табақ тимес,
Тышқан аңдып қалған соң аңға салмай.
Не істейсің, мықтылықты мықыр жеңсе,
Не істейсің, әлсіздікке күшің көнсе.
Жібі түзу жігіт те жүн боп кетер,
Қалың өрттей қаптаған қысым келсе...





Пікір жазу