24.07.2022
  118


Автор: Төлеген Жанғалиев

Нұры қайтты, көзімнің нұры қайтты...

Нұры қайтты, көзімнің нұры қайтты,
Нұры қайтқан жанардың күйі қайсы?
«Жанар сөнсе жалғаның қоса сөнер»,
Дегенді бұл қазағым, біліп айтты.
Қараң тартса жанардың қарашығы,
Қадірленер пенденің қай асылы?
Апанның ауызындай үңірейіп,
Аян ғой көз сүйектің қалатыны.
Күннің қалай шыққанын көре алмасаң,
Айдың қайда батқанын шола алмасаң.
«Армансыз өткіздім» деп айта алмайсың,
Алла берген ғұмырды адамға тән.
Көрмесең жапырақтың сарғайғанын,
Өзен тасып, көлге құс қонғандарын.
Маңыз да жоқ, ешқандай мағына жоқ,
Маужырап түскенменен маңдайға күн.
Елес болып көрінсе есік алды,
Сағынсаң сайрап шығар сахнаңды.
Өкпең өшіп, жүргенмен өліп-талып,
Өзі қысқа ғұмырдың несі қалды?!
Пендеге әйтеуір бар бір қараңғы,
Соған дейін сау қылсын нұр-жанарды.
Мәңгі-бақи тіршілік құрмаған соң,
Мәңгі бақи көрмейсің бұл ғаламды..





Пікір жазу