Көшіп жатыр, дос-жаран кетіп жатыр....
Көшіп жатыр, дос-жаран кетіп жатыр,
Көшуге де, кетуге жету де ақыл.
Көшкен, кеткен достарын шығарып сап,
«Аһ» ұрып төсегінде ақын жатыр!
Көшуге мұның дағы шамасы бар,
Көлігі, көшіретін баласы бар.
Қалайша қия алады, ақын бірақ,
Қарауылды саф алтын ауасы бал.
Тасы да табан жыртып, тайғанатпас,
Ақ шеңгел, итмұрыны қолға батпас.
Қарауыл қара төбе болғанменен,
Аумайды ауылдағы шалдан ақ бас!
Қасқайып отырғаны малдас құрып,
Қартқа ұқсас қамшы-мінез, қайрақ-қылық,
Етегі ертелі-кеш қызық-думан,
Жабағы, тай жарысқан шаң қаптырып.
Шыңғыстау-бұл өлкенің шын қожасы,
Құдайдың елге берген нұр-жанаты.
Қанша жыл, қанша ғасыр өтсе дағы,
Кертіліп, кемімеген бір бағасы!
Ұлылық ұялаған тау, тасына,
Мал түгіл жан семірген майсасына.
Сексен көл, жүз өзені болмаса да,
Сан бұлақ сайдан ағар тарқатыла!
Көк шалғында көбелек гүл қуалап,
Құжынайды жер бетін құр, дуадақ.
Біздің жер – Алламыздың ақ мешіті,
Білгенге беретұғын тіл дуалап.
Сол жерді қиып қалай көше аласың,
Солқылдап қартайғанда соқа басың.
Арттағы өміріңе қарау керек,
Аттарда басқа жұрттың босағасын.
Көшіп жатыр, достарым, кетіп жатыр,
Көшуге, кетуге де жету де ақыл.
Туған әке керексіз қылып жатса,
Туған жерге ешқашан бас ұрмас ұл!
Хан Шыңғыс осыны ойлай өкінді,
Қан жылап, қарс айырылып көкірегі.
Қос таудың қолтығында мен қаламын,
Кетсе де Тобықтының көшіп елі...